Тірі организмдер 5 патшалыққа бөлінеді: вирустар және фагтар, бактериялар, саңырауқұлақтар, өсімдіктер, жануарлар. Жер бетіндегі тірі ағзалар: жасушасыз және жасушалы болып екі топқа бөлінеді.
Вирустар — бұл паразиттер, олар тек тірі жасушаларда ғана тіршілік етіп көбейе алады. Анығырақ айтқанда, жасуша өзінің қоректік заттарының есебінен вирустарды көбейтеді.
Бактериялар — прокариоттар, жердің ең ертедегі қоныстанушылары, олар екі миллиард жылдан бері тіршілік етуде. Ғалымдарға олардың 2500-ге жуық түрі белгілі. Бактериялар — ядросы жоқ жасушалық құрылымды организмдер.
Саңырауқұлақтар біржасушалы және көпжасушалы болады. Олардың барлығы эукариоттар болып табылады, яғни жасушаларында цитоплазмадан арнайы қабықшамен бөлінген ядросы бар.
Өсімдіктер — фотосинтез процесі барысында қоректенудің өзіндік тәсілімен және жер бетіндегі барлық тірі организмдерге қажетті оттекті бөліп шығаруымен сипатталатын организмдер патшалығы.
Жануарлар патшалығы — 2 млн-ға жуық түрлері бар сансыз көп организмдер тобы. Жер бетінде тіршілік ететін жануарлар мөлшері, дене пішіні бойынша алуан түрлі болып келеді. Жануарлардың басым көпшілігі — көпжасушалылар, алайда біржасушалы түрлері де (қарапайымдар) кездеседі.
Өздерің білесіңдер тірі организмдердің көптүрлілігін жүйелеу ғылымы зерттейді. Жүйелеу — биологияның организмді сипаттау, белгілеу және жіктеумен айналысатын бөлімі.
Барлық тірі объектілерді белгілі топтарға (таксондарға) бөлу -жіктеу жүйелеудің маңызды міндеттерінің бірі болып саналады. Объектілерді жіктеу үшін оларды сипаттау қажет. Өсімдіктер мен жануарлар да таксондарға бөлінуі бойынша ерекшеленеді: жануарларда тип, ал өсімдіктерде бөлім. Сипаттау үшін бірінші кезекте морфологиялық, физиологиялық белгілерін пайдаланады. Жүйелеудің арнайы тарауы — номенклатура, организмге атау беру қағидасын, ережесін қарастырады.
Өздерің білетіндей, тірі организмдерді жүйелеуде К.Линнейдің бинарлық номенклатурасын пайдаланып биологиялық түрге екі сөзден тұратын атау берілді. Біріншісі түрдің, екіншісі туыстың өз атауын көрсетеді, қазақша керісінше бірінші туыстың, екінші түрдің атауын білдіреді.
[alert]Қосымша мәлімет[/alert]
Карл Линней туралы қысқаша мәлімет
Карл Линней 1707 жылы 23 мамырда Швецияның Рошуль ауылында діни қызметкердің отбасында дүниеге келді. Екі жыл өткеннен кейін ол отбасымен бірге Стенбрукке көшті. Карл Линнейдің балалық шақтан бастап өсімдіктерге деген қызығушылығы айқын көріне бастады. Алғашқы білімін Векшё қаласындағы орта мектепте алды. Орта мектепті бітірген соң гимназияға оқуға түсті.
Карл Линней өмірбаянында Балтық теңізінің аралдарына, кейіннен батыс және оңтүстік Швецияға экспедициялық сапарларда болған. Ал 1750 жылы ол өзі бұрын оқыған университеттің ректоры болды. 1778 жылы 10 қаңтарда Линней қайтыс болды.