Мұхтар Əуезұлы 1897 жылы бұрынғы Семей округі, Шыңғыстау ауданында туған. Өз əкесі – Омархан деген кісі. Əуез – Омарханның əкесі. Мұхтардың тұқымы төмен ата жəне басқа рудан келген кірме болса керек.
Мұхтар əкесінен 6-7 жасында жетім қалады. Омарханның бастапқы əйелінен калған Мұхтардың ағасы (аты беймəлім) Омархан өле салысымен еншісін алады да, Мұхтар өз шешесімен шаруаға ие болып қалады. Бұл кезде оларда ортадан жоғары шаруа болады.
Мұхтардың əкесімен туысқан Қасымбек деген учитель ағасы болады. Бұл ағасы Ахмет, Міржақыптар басқарған ұлтшылдыққа катынасқан, ұлтшыл адам, əрі пікірі ашык адам болады. Мұхтар 7-8 жасында ауыл молдасынан ескіше бірер жыл оқығаннан кейін. Қасымбек оны 10 жасқа келген шамасында ауылдық орысша школға береді. Онда үш жыл оқығасын Қасымбек Мұхтарды Семейдің орысша қалалық школына береді. Бұл школда 4 жыл оқып, Мұхтар оны 1915 жылдар шамасында бітіреді. Содан кейін Мұхтар Мұхатай Молдабайұлы дейтін байдың қолында бір жылдай учитель болып тұрады.
1916 жылы Мұхтар Семейдегі мұғалімдік семинарияға түседі. Оны 1920 жылы бітіреді. 1920 жылы ол Семейде ұсақ ұлт бөлімінің (ол кезде Семей Сібір ревкомына қарағандықтан, қазақ ұсақ ұлт болған ғой) бастығы болады. Сол жылы жазғытұрым Семей Қазақстанға қарағанда Қырғыз секциясының (қазақ бөлімінің) бастығы болады. Жиырмасыншы жылдың аяғында губерниялық заң бөлімін (губерниялық юстиция) басқарады.
1921 жылдың басында губерниялык ревкомға мүше болып өтеді. Июнь айында губерком бастығы Смағұл Садуақасұлы орнынан алынғасын, губеркомға бастық болады. Сол жылы күзде ашылатын Қазақстанның бірінші кеңестер съезінде Мұхтар Қазақстан орталық атқару комитетіне жауапты хатшы боп белгіленеді.
1922 жылы ол қызметті тастайды да, Тəшкенге барып, Тəшкен университетінен сабақ тыңдайды. Бір жағынан оқытушы болады. «Ақ жол» газеті, «Шолпан», «Сана» жорналдарына қатынасады. 1923 жылы Ленинградка кетіп, онда Ленинград университетінің тіл- мəдениет факультетіне түседі. Осы университетті 1929 жылы бітіреді. Сөйтіп Тəшкенге оқытушы боп кетеді.
Мұхтар ең алғаш 1917 жылдары үйленеді. Ол əйелін 1921 жылы тастап, Абай Құнанбайұлының тұқымынан бір əйел алады. Бұл əйел 1925 жылға дейін Мұхтардың ауылында шаруасын басқарып түрады. 1924 жылдары Мұхтар оқуды бір тастап, елінде боп, аңшылықпен əуейіленеді. 1925 жылы бұл əйелін де тастап, содан қайтып еліне бармайды.
Саяси бағытына келгенде Мұхтарға ұлтшылдықты ең алғаш сепкен адам, тəрбиелеген адам өзінің ағасы Қасымбек. 1917 жылға дейін ол соның тəрбиесінде, саяси жетегінде болады. 1917 жылы болатын февраль төңкерісінен кейін ол кəдімгі ұлтшыл жастың біреуі боп істейді. 1918 жылы май айында Омбы қаласында «Бірлік» ұйымы шақырған ұлтшыл жастардың жиналысына Мұхтар Семейдегі ұлтшыл жастар ұйымынан өкіл боп барады. Бұл жиылыс одан кейін көп кешікпей ұйымдастырылған алашорда партиясының салқыны деуге болады. Жиылыстың қаулысында бəлшебек қаупімен күресу, сақтану ісі қолға алынған. Жиылыс жастарды саясатка баулитын газет шығармақ боп, оның атын «Жас азамат» қойған.
«Жас азамат» көп кешікпей шықты. Оның бірінші санында-ақ пурлтариат үстемдігіне қарсылык ашық көрінді. Оған дəлелді ұлтшыл байшыл дəуірдің сынында айтамыз. Осы жиылыс Мұхтардың да пурграмасын ашып берді. Осы съезден қайта сала ол «Абай» жорналында да, «Жас азамат» газетінде де бəлшебекке қарсы үзбей мақала жазды. Сол бетімен ол кеңес үкіметі орнағанға дейін келді. Кеңес үкіметі Семейге келе ол коммунист партиясына кірді. Бұл кіруі, қазір дəлелденіп болған, Əлиханның ақылымен кіру. Олай екендігін Мұхтар көп кешікпей істе дəлелдеді.
1920 жылы Міржақып Дулатұлы Семейге барып халық сотына бастық болды. Мұхтар да онда заң жұмысын істейтін еді. Бұл екеуі ол кезде бірігіп істейді. 1921 жылы Семейге ұлтшыл Смағұл Садуақасұлы губеркомға бастық боп барғанда Мұхтар Садуақасұлының жігінде болды. Онда да Міржақып, Смағұл, Мұхтарлардың саяси жолында айырма болған жоқ. Бəрінің əдісі – отаршылдықты сылтау ғып, алашорда жолын іске асыру еді.
1922 жылы Қазаткомға хатшы болғанда (осы кезде ол «Ұшқын», одан кейін «Еңбекші қазақ» газетінде коллегия мүшесі еді) ол байшылдық жолынан танған жоқ. Газеттер де осы жолын жақтап мақалалар жазды. Əсіресе 1922 жылы февральда болатын қазақстандық II партия конференциясында сөйлеген сөзі оның байшылдығына айқын куə.
1923 жылы Ташкенте бару себебі басмашылармен сабақтас болу екені осы күні айқындалып отыр. Сонымен қатар, ол «Ақ жол», «Шолпан», «Санада» байшылдығын, идеалистігін айтып көрсетті.
Ленинградта Мұхтар Бөкейханұлымен бір үйде тұрды. Бұл кезде ол 1929 жылы ашылатын алашорданың кеңеске қарсы жасырын ұйымында болғандығы ашылып отыр. Осы ұйымға қатынасқандығы үшін 1930 жылдың аяғында Мұхтар абақтыға алынды. Басқа пікірлерін енді жазғандарымен дəлелдейміз.
Біздің қолымыздағы материалдарға қарағанда Мұхтар Əуезұлы февраль төңкерісіне дейін жазуға араласқан адам болмауы тиісті.
Февральдан кейін Семей қаласында 1918 жылдың январынан бастап «Абай» атты көркем əдебиет, жаңа саясат журналы шықты. Бұл журнал негізінде Алашорданың Семейдегі облыстық комитетінің тілі болды. Əйткенмен журналдың барлық санын алып қарағанда да үзбей жазған жэне көп жазған адамдар Аймауытұлы Жүсіпбек пен Мұхтар Əуезұлы. Жүсіпбек жорналдың шығарушысы болды. Мұхтар үнемі жазушысы болды. Мұхтар мен Жүсіпбектің ең алғаш əдебиет өлеңіне атын шығарған да, жазушылық тұсауын кескен де осы «Абай».
Мұхтар «Абай» жорналында көркем əдебиетпен шұғылданған жоқ. Саясатпен шұғылданды. Ол үнемі саясат мəселелерін ғана жазды. Бірақ осы саяси мақалалар Мұхтардың келешекте кімнің адамы болуға даярланып жүрген бетін ашты. Сондықтан біз оның мақалаларынан бірнеше мысалдар келтіреміз: «Бірінші жалпы жастар съезі» дегенде ол былай деді:
«Өткен майдың 5-інен 13-іне дейін Омбы қаласында жалпы қазақ жастарының съезі болды. Съезді шақырушы Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» атты ұйымы. Съезге қазақ-қырғыз ұйымдарының бəрінен бір-бір өкіл шақырылып еді. Өкіл жіберген ұйым 15 болды. Съездің шақырылған себебі əркімге де мəлім. Ол – еркіндік, жұрттың жауы бəлшебек билігі дəуірлеп, жұрттың ақ жолды қамқорлық жасап келе жатқан ісінен, көздеп келе жатқан мақсатынан айырып əкеткендігі.
Тұлынған жолына кедергі боп шыққан бəлшебекті ашылып, ниеті көрінген соң бəлшебек сиғызбады. Əрбірін əр жаққа қуып, бытырлатып тоздырды. Басшының жоғын көрсетпей, жұрттың тізгінін мықты ұстап қалуға тырысу – əрбір азаматтың борышы еді. Жастар əр жердегі ұйымдар арасында бұл борышын бұрын ұғып, өз қайратымен көсемдік қылған «Бірлік» ұйымы.
Ұйымдардан басқа жерлерден өкіл шақырылмағасын келген өкілдің аздығына қарамай, съезд жалпы қазақ жастарының съезі деп ат қойылып, айдар тағылды. Бұл жиылысты жалпы съезд деп атауға себеп болған – бірінші, заман қалының ауырлығы, уақыттың «кемеліме келіп, кер тұрымды мінемін» деуге қаратпауы. Екінші, қазақ жастарының рухына ұлтшылдық сіңсе де саясат майданына бел шешіп түспеген көк қауырсын балапандай тез жұмылып, тез құралмайтындығы болды.
Осы санда Мұхтар «жастар ұйымдарына ашық хат» деген мақала жазып, съездің маңыз-мақсаттарын түсіндірді де аяғыңда: «Съезд бес кісілік комитет сайлады: Қазір Мурзин, Гуля Досымбекова, Əбдірахман Байділдаұлы, Мұратбек Сейітұлы, Смағұл Садуақасұлы… Съезд «Жас азамат» атты газет шығаратын болды» деді.
Алаш жастарының газет шығаруы іс жүзінде жарыққа шықты. «Жас азамат» атты газет 1918 жылы июль айында Қызылжар (Петропавл) қаласында шықты. Редакторы Қошмұхамбет Кемеңгерұлы, шығарушы жаңағы сайланған комитет. «Жас азамат» газетінің не айтқанына бірінші санында Сібірде сəбдеп құлағаннан кейін жазған мына мақаласы куə.
«Бəлшебек бұлты басқан бостандық күні жарқырап, жаңадан шықты… Құдай алаштың тілегін берді. Дұшпан көңілі басылды, үні өшті, қозғалмастай күйге түсті. Алашорда тірілді, ақ ту көтерілді…».
«Бірлік» ұйымы съезінің өзін Сібірде сəбдеп (жұмыскер өкілдерінің үкіметі деген сөз. Бəлшебектер ең алғашқы үкіметті осы атпен жасаған) құлағанның артынан шақырған. Съездің қаулысы, оның шығарған газеті, съезде қатынасқан Əуезұлының сөздері жоғарғы бұл сөздерді еңбекшілер жұртшылығына түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Пурлтариат үстемдігіне съезд де, газеті де, Мұхтар да қарсы екені ашық көрініп тұр.
«Мəдениет һəм ұлт» деген мақаласында Мұхтар мəдениетті ел мен мəдениетсіз елдің қарым-қатынасын ұлтшылдық бағытпен талқылап келеді де мынадай деген қорытынды жасайды. Барлық дүние жүзіндегі ұлттарды бір адамшылық жалауының астына кіргізем деген мақсат шықты. Ол мақсатты көздеп отырған социализм ғылымы мен эсператто тілі. Бұлардың ішінде бабы келмеген елге социализм жолын Русия халқы көрсетіп отыр… Социализм мен Есператто тілі жайылса бір жайылатын жер осы соғысып жатқан Европа патшалығындай-ақ болады. Өнер- білім мəдениетін сол жолдарға жұмсаймын десе, Европа патшалықтарына жау болып шығып жұтып қоятын жуан ел жоғы мəлім еді ғой. Бірақ бəленің басын өздері бастап отырғасын не лаж бар?.. Русияның мына омбылап жатқаны кейінгі жұрттарға жақсы сабақ. Енді талай жылға дейін социализмнің бүйтіп топыр салуы киын жұмыс. Осы себептерден əр бір ұлт мəдениет пен ұлтшыл қалыпты сақтауды ғана иман қылатын күйге келді.
Мұхтардың бұл сөзінен ашық көрініп отырған нəрсе ол социализм болмайды. Социализмді шығарушы Европаның өзі дүниені бүлдіріп жатыр. Оған Россия куə. Сондықтан қазақтың социализмде жұмысы болмай, ұлттық мəдениетін өсіруі керек деп отыр. Ең алдымен социализмді тілек қылған барлық Европа емес, пурлтариат ғана. Мұны Мұхтар жақсы біледі. Европада социализм тонын жамылып, еңбекші тапты капиталистерге жығып беріп отырған социал-демократ сияқты жалған социалшылдар да бар. Мұхтар оны да жақсы біледі. Социализмді тап күресінің қисынына айналдырған пролетариаттың бас көсемі Карл Маркс, оның төңкерісшілдік жолын іс жүзінде жарыққа шығарған – Ленин, Ленин жолын дұрыс əкетіп бара жатқан бəлшебек партиясы, мұны да Мұхтар жақсы біледі.
Мұхтардың Европа қырылып жатыр дегенде айтып отырғаны 1914 жылы басталатын жиһангерлер соғысы. Бұл соғыс жиһангерлердің базар таласынан шықты. Бұл соғысқа социалистердің ішінде бəлшебек партиясы ғана карсы боп, өзге социалистердің бəрі өз ұлттарының шашбауын көтерді. Бəлшебектер бұл соғыс тап соғысына айналсын, барлық ұлттың еңбекшілері өз капиталистерін жоюға тырыссын, байлардың базары үшін қандаспасын деді.
1917 жылы бəлшебек басқаруымен Русия пурлтариат азамат соғысын ашып, байлар үстемдігін құлатса, Мұхтар айтқандай мелитаристігінен емес, байларды құлатпай, пурлтариат үстемдігін орнатпай адам баласы бақытқа жетпейтін болғандықтан, адам баласының бақытына капиталистердің кесірлігінен еді.
Мұхтардың өзі айтқан Европа капиталистері тұрғанда қаншама ұлттығын сақтаймын дегенмен қазақ сықылды мəдениеті төмен елге жуық арада теңдік болмайтын еді. Пурлтариат үстемдігі орнамағанда, қазіргі мəдениет, шаруашылық, саясат істерінде өзге ұлттармен теңеліп отырған қазақ елінің не болғанын көрер едік!