Соғыстың алғашқы күндерінің өзінде-ақ жаңа құрамалар мен бөлімшелерді жасақтау және жаттықтыру жөніндегі қызу жұмыс күндіз-түні бір толастаған емес: қапалардың шет аймақтарында жауынгерлерді мылтық атуға үйрету үшін полигондар мен оқ ату тирлері шапшаң салынып жатты. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып 316-атқыштар дивизиясы жасақталды. Оның адам құрамының ұйытқысы Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының, ішінара Қырғызстанның азаматтары болды. Дивизия командирі болып азамат соғысына қатысқан, Чапаев дивизиясының қатарында щайқасқан генерал-майор И. П. Панфилов тағайындалды.
Қазақстандық әскери бөлімшелер негізінен жұмысшылардан (40%-ке дейін), колхозшылардан (50%) және интеллигенциядан (10%) жасақталды. Олардың шамамен әрбір алтыншы жауынгері мен командирі коммунист, бүкіл құрамының 15-20%-ке дейінгісі комсомол мүшелері еді. Жасақталып жатқан әскери құрамалар мен бөлімшелер көп ұлтты болатын. Мәселен, 316-атқыштар дивизиясының 40%-і қазақтардан, 30%-і орыстардан, 25%-і украиндықтар, 5%-і басқа ұлттар өкілдері — өзбек, татар, қырғыздардан құралды.
Фашистік басқыншыларымен алғаш бетпе-бет келген қаһарман қамал — Брестің қорғаушы шекарашылары ұрыстарда тендесі жоқ ерлік көрсетті. Олардың ішінде қазақстандықтар да болды: қатардағы жауынгер А. Мұсірепов, саяси жетекші В. Лобанов, кіші сержант Қ. Иманқұлов, зеңбірекші, пулеметші Ғ. Жұматов, Ш. Шолтыров және басқалар.
Қазақстандық жауынгерлер майдандардың барлық бағыттарында ерен ерлік көрсетті. 1941 жылдың күзіне қарай жауынгерлері мен соғыс техникасының саны және ұрыстың тактикасы жағынан басым неміс-фашист әскерлері Прибалтиканы, Белоруссияны, Молдавияны және Украинаның батыс бөлігін жаулап алып, Ленинград пен Қырымды қоршады. Елге төнген қатерлі қауіп күшейе түсті. Фашистердің штабында Мәскеуді алуды көздеген «Тайфун» операциясына әзірлік аяқталған болатын.
30 қыркүйекте неміс армияларының қуатты «Орталық» тобы шабуыл жаеады, соққы бір мезгілде Мәскеудің солтүстігі мен оңтүстік батысынан берілді. Осы жердегі аса зор қиянкескі шайқасқа жаудың 80-ге жуық дивизиясы, соның ішінде 23 танк және моторлы дивизия қатысты. 15 қарашада гитлершілер Мәскеуге «шешуші» шабуылға шықты. Жау астананың солтүстік-батыс беткейіндегі негізгі соққысын 316-дивизия мен оның көршілері қазанның 25-інен бері қорғаныс шебінде тұрған төңіректен бастады. Ержүрек панфиловшылар Дубосеково разъезі түбінде теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Саяси жетекші В. Клочковтың жолдастарына қарай айтқан: «Ресей кең байтақ, бірақ шегінерге жол жоқ, артымызда Москва!» — деген жалынды сөзі тарихта қалды. Жауынгер-панфиловшылар ауыр шығынға ұшыраса да жаудың қаптаған танкілерін ілгері жылжытпады. Қазақстандық жауынгерлердің ерен ерлігі бүкіл кеңес солдаттарына ерліктің, Отан үшін шыбын жанын құрбан етудің өнегесі болды. 28 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрыстарда батальон командирі аға лейтенант Бауыржан Момышұлының жеке басының ерлігі мен командирлік шеберлігі айқын көрінді. Волоколамск тас жолындағы жеңісті ұрыстан кейін көп ұзамай, ол полк командирі болып тағайындалды. 1943 жылы 33 жастағы полковник Бауыржан Қазақстанда жасақталған 8-гвардиялық атқыштар дивизиясын басқарды. Қатаң кеңестік идеологиялық тәртіп кезінде атақты жауынгердің қаһармандық ерлігі өз дәрежесінде бағаланбады, тек 1990 жылы қайтыс болғаннан кейін, Қазақстан егемендігін жарияланғаннан жағдайға жұртшылықтың көп жылғы талабы орындалып, Б. Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1942 жылғы 17 шілде де Сталинград шайқасы басталды. 200 күн мен түнге созылған кеңестік қарулы күштердің орасан зор шабуылы аяқталды, жау шегінді. Басты бағыттағы ұрыстарға Ақмолада жасақталып, генерал В. И. Чуйковтың 64-армиясының құрамына енген 29-атқыштар дивизиясының солдаттары мен офицерлері қатысты. Аздап тынығып, толықтырылғаннан кейін 38-атқыштар дивизиясы да осында келді. Оның жауынгерлері өзінің көршілері сияқты белсенді қорғаныс арқылы жауды қансыратып, оның стратегиялық маңызы бар шоқыларды алу жөніндегі жоспарын іске асыртпай тастады.
Қазақстандық екі — 28-гвардиялық және 28-атқыштар дивизиялары — Сталинградтың солтүстік-батысындағы ұрыстарға қатысты, Волга бойындағы қамалды қорғауға көмектесті. Элиста-Астрахань жолы арқылы Волга өзенінің төменгі сағасына өтуге тырысқан неміс, румын әскер бөлімдерінің жолын Орал қаласында жасақталған 152-атқыштар бригадасының батальондары бөгеді. Бригадамен және оның көршілерімен болған ұрыстарда 2 мыңнан астам солдаттары мен офицерлерінен және 18 танкісінен айрылған жау Астраханьға шабуыл жасауға тырысқан әрекетінен бас тартты.
«Красный Октябрь» және «Баррикада» зауыттарының поселкелерін, сондай-ақ қаһарман қаланың орталық кварталдарын құрамында 10-12% қазақтар болған 193-атқыштар дивизиясының полктары табандылықпен қорғады. Сталинград маңының солтүстік және батыс шептерін, сондай-ақ қаланың солтүстік шетін қорғаған 124-жеке атқыштар бригадасы солдаттары мен офицерлерінің үштен біріне жуығы қазақстандықтар еді.
Волга бойындағы шайқастың әуел бастан-ақ 64-армияның құрамына Қазақстанда жасақталған 156-жеке көпір салу батальоны кірді. 24 тамыздан қыркүйекке дейінгі уақыттың ішінде оның жауынгерлері Волганың оң жағасына 2 мыңға жуық солдат пен офицерді, 1500 автомашинаны, соншама көлікті, 100-ден астам тракторды және 70-ке жуық зеңбіректі судан өткізді. Осы мерзім ішінде олар өзеннің шығыс жағасына 5 мыңнан астам жараланған солдаттар мен офицерлерді алып өтті.
1942 жылғы 19 қарашада Кеңес әскерлері мұқият әзірліктен кейін Волга мен Дон аралығында қарсы шабуылға шықты, жаудың қорғаныс шебін бүзып, оны барлық бағытта кері шегіндірді. Генерал Паулюс армиясының шебін солтүстіктен бұзып өткен Оңтүстік-батыс және Дон майдандарының басқа бөлімдерінде де көптеген қазақстандықтар шайқасты. Маңғыстау ауданының бүрынғы колхозшысы автоматшы Ы. Ш. Сүйінбаев жалғыз өзі қалғанына қарамастан жау істен шығарған «КВ» танкісінің үстіне шығып алып, асып-саспай ұрысты одан әрі жалғастырды, ондаған гитлершілдерді жайрапы. Дұшпан қорғанысын бұзып өту кезіндегі ерлігі үшін ол Ленин орденімен наградталды.
Қарағанды шахтерінің баласы, жас ұшқыш Н. Әбдіров 16 рет жауынгерлік ұшу сапарында жаудың 16 танкін, 28 автомашинасы мен 18 көлік тобын, 3 взвод және елудей басқыншыны жойды. Оған опат болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Шымкент облысының Алғабас ауданындағы «Көктөбе» колхозының бұрынғы егіс бригадирі, минометші Қ. Спатаев жаудың бір взводтай жаяу әскерін жойды. Жалғыз өзі қалған оны жаудың танкісі таптап өтпек болғанда соңғы минаны құшақтап жау танкісінің шынжыр табанының астына жата қалады. Осылайша жау әскерлерінің ілгері жылжуын бөгеді. Оған да ерлікпен мерт болғаннан кейін, Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қазақстандық 387-атқыштар дивизиясының жауынгерлері 28 желтоқсанда мұз үстімен және сау қалған көпірлер арқылы Доң өзенінен өтіп, қарсы беттегі дұпшанды өкшелей қуалады да, 1943 жылғы 2 қаңтарда 2-гвардиялық механикаландырылған корпуспен бірлесе отырып, жауға ойсырата соққы берді. Әскери стратегиялық маңызы зор Тормосин қаласы алынды. Ұрыстың барысында қантардың 10-ынан 31-іне дейін тек бұл екеуі ғана дұшпанның 17 мыңдай солдаты мен офицерін жайратып, сонша адамын тұтқындады. Ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен батырлығы, жоғары әскери шеберлігі, тәртібі мен ұйымшылдығы үшін олар тиісінше 72-інші және 73-гвардиялық дивизиялар болып қайта құрылды.
Кеңестік жауынгерлер ұрыс жүргізе отырып 700 шақырым ілгері жылжып, Белгород — Орел шебіне шықты. Кеңес Армиясының Сталинград түбіндегі жеңісінің бүкіл дүние жүзілік тарихи маңызы болды. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы және бүкіл екінші дүние жүзілік соғыстың барысында түбегейлі бетбұрыс жасалды. Осыдан кейін фашистер енді қайтып еңсесін көтере алмайтындай болды. Бірақ жау әлі күшті еді.
1943 жылы шілде де Курск иінінде орасан зор шайқас болды. Кеңес халқы аса ауыр жағдайды басынан кешіріп, майдандағы күштердің арасалмағын теңестіріп қана қоймай, сонымен бірге жаудан сан және сапа жағынан анағұрлым асып түсті: адам құрамының санынан 1,2 есе, танкіден -1,6, артиллериядан — 1,8, ұшақтардан — 2,8 есе. Осы кезеңге қарай кеңестік қарулы күштердің жауынгерлік шеберлігінің жаудан артықшылығы да айқындала түскен еді.
Курск шайқасына жүзден астам атқыштар дивизиялары, танк корпустары мен бригадалары қатысты. Олардың ішінде қазақстандық бірнеше бөлімдер мен қүрамалар болды. Белгородтан оңтүстік-шығысқа таман өңірдегі 72-гвардиялық атқыштар дивизиясының қорғаныс шебіне қарсы дұшпан екі жаяу әскер мен бір танк дивизияларын шабуылға шығарды. Жау 6 күнге созылған қиян-кескі ұрыста 7 мындай солдаты мен офицерінен, 46 танкісінен, 30 зеңбірегінен айырылып, бар болғаны 20 шақырым ілгері жылжыды.
Сол күндері қазақстандық 8-атқыштар дивизиясы учаскесінде де жойқын ұрыстар болып жатқан. Гитлершілердің оның шебін бұзып өтуге тырысқан әрекетінен түк шықпады.
Дұшпанның алғашқы аса қуатты танк соққысына тойтарыс бере отырып, Кеңес Армиясы 12 шілдеде қарсы шабуылға шықты. (оған осы жолдардың авторы куә).
Батыс және Брянск майдандарының әскерлері 5 тамызда Орел мен Белгородты азат етті. Мәскеу қаһармандарға алғаш рет жеңіс салютін берді. Осыдан кейін ірі қалаларды азат еткен жауынгерлер құрметіне салют беру дәстүрге айналды. 100-қазақ ұлттық атқыштар бригадасы Калинин майданындағы 3-екпінді армия құрамында Невель операциясына қатысты. Осы ұрыстарда Алматы медицина институтының бұрынғы студенті, пулеметші Мәншүк Мәметова ерекше көзге түсті. Ол соғысқа қатысқан 9 мың шығыс әйелдері арасында Кеңес Одағының Батыры атанған алғашқы қарлығаш еді. Осы бригаданың мергені жамбылдық Ыбырайым Сүлейменов 239 фашисті жайратты. Невель қаласында бір көше соның есімімен аталады.
4-екпінді армия құрамында болған 101-қазақ ұлтық атқыштар бригадасы 1943 жылы 17 қыркүйек — 10 қазан аралығында Демидово қаласы маңындағы жаудың бекінісін бұзып өтіп, Смоленск және Витебск облыстарының 158 селосы мен деревнясын жаудан тазартты, 3 мыңға жуық басқыншыларды жойып, көптеген соғыс мүлкін олжалады. Смоленск шабуыл операциясын жүзеге асырып жатқан Батыс майдан әскерлерінің құрамында, сондай-ақ қазақстандық 30-гвардиялық және 88-атқыштар дивизиялары да болды.
Курск иініндегі жеңістен кейін Кеңес Армиясының кең өріс алған жалпы шабуылының аса маңызды бір бөлігі -Днепр өзенінен өту еді. Украинаның ұлы өзеніндегі ерлігі үшін 123 қазақстандық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Олардың арасында атқыштар Т. Ибрагимов, Қ. Ырысбеков, С. Шәкіров, атты әскер Т. Кенжебаев, артиллерист А. М. Киселев, минометші П. Д. Литвинов және т.б. болған.
Қазақстандықтар соғысты жеңіспен аяқтау жолындағы шайқастарға белсенді қатысгы. Ұрыстар тек майдандарда ғана болмады, сонымен бірге жау тылында да жүріп жатты. 1943 жылдың аяғына таман жау уақытша басып алған аймақта бір миллионнан астам кеңес адамдары партизандық соғыс жүргізді. Партизан қозғалысына оның Орталық штабы басшылық жасады. Партизандар жаудың соғыс техникасын, нысандарын жойып, поездарды құлатуды ұйымдастырды, темір жол көпірлерін қиратып, байланыс желілерін істен шығарды, фашист әскерлерінің штабтарын талқандады.
Украинаның партизан жасақтары мен құрамында 62 ұлттың өкілдері жаумен шайқасты. Мәселен, М. И. Шукаевтың партизан жасағында 79 қазақ болды. Әйгілі партизан, Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған С. А. Ковпактың құрамасында 70-тен астам қазақстандықтар, оның ішінде 56 қазақ бар еді. Украинаның партизан құрамалары мен жасақтарында 1500 қазақ соғысты, Ленинград облысында — 220-дан астам, Смоленск өңіріндегі 15 партизан жасағы мен бригадаларында — 270-тең астам қазақстандықтар болды. Белоруссияның әр түрлі аудандарында шайқасқан 65 жасақ пен бригаданың қатарында қазақстандықтардың саны 1,5 мыңға жеткен.
Чапаев атындағы ірі партизан құрамасындағы жасақтардың біреуінің командирі болған Қасым Қайсеновтың бір өзі жаудың 30 солдаты мен офицерін жойған. Белігі қазақ ақыны Жүмағали Сайн Украин партизандарының қатарында жүріп, капитан Хайрутдиновтың жасағында жауынгер саяси жетекшілік қызметін атқарды. 425-полктың партизаны Ғ. К. Омаров взвод командирінен полк штабы бастығының көмекшісіне дейін өсті. Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 б.