Сақау – жас жылқылардың жақ асты, жұтқыншақ тұсы бездерінің іріңді қабынумен сипатталатын ауру. Жиі түрде екі жасқа деінгілер бейім. Ауру оқиғалары алғашқыда бірен-саран болып, кейіннен көпшілік жабағы, тай, құнандар шалдығады. Қар қалың болып және әлсіз жабағыларды уақытында бөлмегенде мал шығынға ұшырайды.
Аурудың сыртқы белгілері. Танау және жұтқыншақ кілегей қабықтары мен лимфабездерінің жіті қабынуы, танау қуысынан алғашқыда сірілі, кеіннен іріңді сұйықтың ағуына әкеліп соғады да, ауырған жылқының тынысы тарылады, кейде тұншығып өліп кетуі ықтимал. Азықтан қалған құлын жабағы азып арықтайды.
Емі. Ауру жылқыны бөліп, күтімін жақсартқан соң антибиотиктер (пенициллин, бициллин), іскен жұтқыншақ тұсына ихтиол, Коньков, Вишнев сүртпемайларын (қыздыру үшін) қолданады. Соңғы жылдары тиімді ем ретінде ҚазҒЗВИ ұсынған этобиц препараты қолданылуда.
Дауалау және күрес шаралары. Күз және қыс айларында сақаудың байқалу мерзімін ескере жылқыларды апта сайын қарап шығу, құлындарға суық тигізбеу жолдарын қарастыру, жасанды иммунитет қалыптастыру мақсатында ҚазҒЗВИ ұсынған стрептовак вакцинасын екі-үш жастағыларға күздің басында егу.
Маңқа – тақтұяқтылардың арасында қызба, танау қуысында кеңсірігінде, өкпеде және теріде ерекше түйіндер мен жаралардың пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл ауруға адам да бейім. Қоздырушысы бактерия бейім малға ластанған азық су арқылы енеді.
Аурудың сыртқы белгілері. Орналасқан жеріне қатысты өкпе, тері және тану маңқа түрлерін жүктеледі. Ауырған жылқыда дене қызуы көтеріліп, тану қуысының бір немесе екі тесігінен жағымсыз иісті қызғылт сары түсті сұйық ағады. Қызарып пайда болған орындар жарылып, ойылған шеттері қызыл, ал ортасы сары түсті жараларға ұласады. Тері маңқасында біріне-бірі қосылған түйіндер үлкен жараларға айналады. Тынысы тарылған малда дем алысы ысқарған дыбыс секілді болады. Алқым тұсы бездері исініп жалқыаяқтанады. Сауыққан жаралар тыртық болып бітеді. Арыған мал көтеремдігінен өледі.
Дауалау. Індет ошақтарына жақын орналасқан елді мекендерге әкелетін, сыртқа сатылуға шығарылатын жылқының барлығы аллергиялық тексеруден өтеді. Ауру жылқылар анықталысымен бірден лажсыз өлтіріліп өртеледі.
Індеттік лимфангит (бластомикоз, мандам, африкандық маңқа) – жылқытектестерде лимфа тамырлары мен тері асты шелінің іріңді қабынумен сипатталатын саңырауқұлақ тудырған ауру. Ауру қоздырушысы сау жылқыға терідегі кішігірім жаралар фрқылы енеді. Сонымен қатар, ауру жылқының тар әбзелдерін (қамыт-саймандар) сау жылқыға қолданғанда жұғады.
Аурудың сыртқы белгілері. Лимфангит созылмалы түрде өтуіне байланысты қабыну процестері шоқтық, арқа, мойын, бас, ұма тұстарында тығыз түйіндерден басталып, олар ұлғайған сайые жарылады да, жараларға айналады. Терісі және оның астында орналасқан лимфа тамырлары мен бездері қабынып қалыңдайды. Қолы мен сирағы пілдің аяқтары іспеттес болады.
Емі. Аурудың таралу қаупін, созылмалы түрде өтуін және қолданылған препараттардың тиімсіздігін ескере отырып, емдеуге болмайды. Ауылған мал жойылады.
Даулау. Ауруды болдырмас үшін лимфангит тіркелмеген жерлерден мал алу, сырттан әкелінген жылқыларды 30 күндік сақтық карантинде ұстау және т.б. шаралар қамтылады.
Биелердің сальмонеллездік іш тастауы – кенеттен буаздылығының 4-8 айлық мерзімінде іш тастауымен, немесе әлжуаз құлынның тууымен сипатталатын ауру. Ауру қоздырушысы салмонелла сау биеге ластанған азық, су арқылы еніп, іш тастау қыркүйек пен қазан және қаңтар мен наурыз аралықтарында байқалады.
Аурудың сыртқы белгілері. Ішо тастау кенеттен болғандықтан, сыртқы белгілерінсіз, тек түсіктің шуымен бірге тасталғанын ғана аңғаруға болады. Кейде асқынғанда жатырдың қабынғаны байқалады.
Дауалау және күрес шаралары. Іш тастаған биенің жыныс жолдарын жылы ихтиол, лизол ерітінділерімен шаю, норсульфазолдың 5%-дық ерітіндісі қан тамырына жіберіледі.