Жер – қоғамдық байлықтың аса маңызды бөлігі. Адам өзінің қажетінің бәрін жерден алады. Сондықтан дүниежүзіндегі мемлекеттің бәрі дерлек Жер туралы заң, кодекс, ереже, т.б. тағайындайды.
2003 жылғы Қазақстанда Жер кодексі қабылданды. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жерлер бірнеше түрге бөлінеді:
- ауылшаруашылығы мақсатындағы жер;
- елді мекендердің (қалалардың, кенттер мен ауылдық елді мекендер) жерлері;
- өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және т.б.
- ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері, сауықтыру мақсатындағы жер;
- орман қорының жері;
- су қорының жері;
- босалқы жер.
Бұлардың әрқайсысы туралы жоғары сыныптарда тереңірек оқитын боласыңдар.
Жер – ауылшаруашылығындағы басты өндіріс құралы. Қазақстанның табиғи-климаттық ерекшеліктеріне қарай жер әртүрлі дәрежеде, көбінесе егіншілік, жайлымдықтыр мен шабындықтар үшін пайдаланылады. Ол үшін жерді құнарландыру мәселесін қолға алып, жер байлығын мал өсіру мен егіншілікте тиімді пайдаланудың маңызы ерекше.
Егер жердің беткі құнарлы қабатты топырағын баптап күтсек, одан көп өнім алуға болады. Топырақтың ең негізгі қасиеті – табиғи құнарлығы, құрамында қоректік заттардың көп болуы. Топырақтың ауылшаруашылығы дақылдарының өсуіне, тамақ өнімдері мен құрылыс заттарының шикізаттарын алуда маңызы зор.
Жер – пайдалы қазбалар көзі. Республика аумағының жер қойнауынан пайдалы қазбалардың көптеген түрлері табылған. Еліміз көптеген пайдалы қазбалардың қоры жөнінде дүниежүзінде жетекші орын алады. Қазақстанда барланған кен орындарының едәуір бөлігі қазір пайдалануда. солардың Негізінде зауыттар, өнеркәсіп орындары салынып жатыр. Алайда бұл минералды ресурстар шексіз емес, олардың қорын пайдаланған сайын азая береді. Сондықтан сарқылатын қорларды тиімді пайдалану және оларды сақтап, қорғау қажет.
Жер қойнауынан пайдалы қазбаларды өндіргенде, егін егіп, құрылыстар салу кезінде табиғатты қорғау шараларын ескерген жөн. Себебі, Жер мен табиғат – егіз нәрсе. Табиғатты қорғау – адамның өндірістік әрекетіне байланысты қоршаған ортаға тигізетін әсерін белгілі бір дәрежеде шектеу, оның жағдайын жақсарту және табиғат жағдайларын қалпына келтіру жөніндегі шаралар жиынтығы. Табиғатты қорғау табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін де қамтиды.
Табиғатты қорғау мақсатында үкіметіміз «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заң қабылдады. Осы заңда табиғат байлықтарын пайдалану, оларды қорғау, молайту, қоршаған ортаны қорғауға әр азаматтың міндеттілігі анық айтылған.
Жер – ғимараттар мен үй-жайлардың орны. Ежелден бері адам баласы жерге өз баспаналарын, түрлі құрылыс түрлерін салумен айналысып келеді. Алайда мұндай мақсаттарда да жерді ұтымды, заңға сәйкес пайдалану қажет.
Жерді ұтымды пайдалану-топырақты сақтауды, өсімдік пен жануарлар дүниесін тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін, қоғамдық ортаға кері әсерін тигізетін әрекеттерді шектейтін жүйе.
Сонымен, жер бетін қорғау дегеніміз – жыраларға қарсы үнемі күрес жүргізу, қалалардың, фабрикалардың, зауыттардың, теміржолдар мен тас жолдардың құрылыстарына жерді үнемдеп жұмсау. Жер кодексі, жер туралы заңнамаларды бұзғаны үшін түрлі жазалар мен айыппұлдар тағайындалған.