Мұхит суының температурасы. Мұхит суы баяу жылынып, баяу суитынын білесіңдер. Күн жылуының әсерінен мұхит суы да құрлық секілді қызады. Ауданы үлкен болғандықтан, мұхит құрлыққа қарағанда жылуды көп қабылдайды. Жаз бойы жинаған жылуын қыста құрлықты жылытуға жұмсайды.
Судың жоғарғы қабаты 25 – 50 м, кейде 100 м-ге дейін толқындар мен ағыстардың арқасында жақсы араласып тұрады. Сондықтан ондай су біркелкі қызады. Тереңдеген сайын судың температурасы да төмендейді. 1000 м-ден тереңде оның температурасы тұрақты +2ºC, +3ºС-ді көрсетеді. Терең шұңғымалардың түбінде судың температурасы 0ºС шамасында. Мұхит түбіндегі жер қыртысының жарықтарынан кейде ыстық су шығатыны анықталды. Тынық мұхиттың түбіндегі осындай бұлақтардың бірінің температурасы +400ºС. Жалпы дүниежүзілік мұхиттың беткі суларының орташа температурасы +17,5ºС.
Мұхит суының температурасы ендік бойынша да өзгереді. Бұл күн сәулесінің түсу бұрышына байланысты. Мұхит бетіндегі ең жоғары температура экватор маңында +28ºС, +30ºС. Ең төменгі температура поляр аймақтарында -1ºС, -2ºС. Мұхит суы -2ºС температурада қатады.
Мұхит суының тұздығы. Барлық теңіздер мен мұхиттар суының дәмі кермек, тұзды болады. Ондай суды ішу мүмкін емес. Теңіз суында негізінен, біз асқа пайдаланатын ас тұзы және тағы басқа да тұздар бар. Мұхит суының құрамында еріген күйінде хлор, натрий, магний, күкірт, фосфор, азот, т.б. кездеседі. Мұхит суының әрбір литрінде орта есеппен 35 г тұз болады.
Еріген тұздардың 1 литр судағы граммен алынған мөлшерін судың тұздылығы деп атайды. Тұздылық санның мыңнан бір бөлігі промиллемен (‰) өлшенеді. Мысалы, 1 л суда 35 г тұз бар, яғни 35‰ деген сөз. Мұхит суының тұздығы оның барлық бөлігінде бірдей емес.
Судың тұздылығы экватор маңында 34, ‰ тропиктерге таяу жерде 36‰, қоңыржай және поляр ендіктерінде 35 ‰. Осы көрсеткіштерден судың орташа тұздылығы 35‰-ге тең екені белгіленеді. Бұл – Дүниежүзілік мұхиттың орташа тұздылығы.
Ішкі теңіздердің суы мұхит суынан тұздылығы жөнінен ерекшеленеді, ыстық белдеудің теңіздерінде климаттың құрғақшылығынан тұздылық басым болады. Қызыл теңізде судың тұздылығы 1 литр суда 42 г немесе 42‰. Себебі оған ешқандай өзен құймайды, булануы жоғары, жауын-шашын аз түседі (атластағы Мұхит суының тұздылығы картасына талдау жасаңдар, берілген нысандарды анықтаңдар). Өзен суының мол ағыны келіп құятын қоңыржай белдеу теңіздерінің тұздылығы төмен. Мысалы, Қара теңізде 17 – 22 г.ға дейін, Азов теңізінде 10-нан 12 г-ға дейін, Балтық теңізінің Фин шығанағында 2-ден 5 г-га дейін. Су құрамындағы еріген тұзар судың қатуына кедергі жасайды. Сондықтан судың тұздылығы жоғарылаған сайын, оның қату температурасы төмендейді.