Туристік қызмет көрсетуден туристік қызметтің айырмашылығы – ол тауарлық сипатқа ие болады. Туристік өнімнің туристік қызметтен айырмашылығы – туристік қызмет сатып алынса және тек өндіріс орнында ғана тұтынылса, туристік өнім тұрғылықты жерде ғана сатып алынады, алайда тек қана туристік қызмет көрсету орнында ғана тұтынылады. Осы айырмашылықты турагенттер саяхат жасауға жолдама бергенде пайдаланады. Жалдаманы сатып ала отырып, клиент ақша төлеп қойса да, туристік қызметті ала алмайды, ол тек демалуға кепілдікке ғана ие болады. Туристік өнімдердің қазіргі жүйемен таралуы 4-суретте сипатталған.
Туристік өнімді құрау технологиясына біз сәл кейінірек тоқталамыз, ал қазір туристік өнімнің кейбір маңызды тауарлық қасиеттеріне тоқтала кетелік.
Туристік өнім тауар ретінде тұтыну қорымен, яғни пайдалылығымен немесе адамдардың белгілі бір рекреациялық қасиеттерімен сипатталады. Туристік өнімнің пайдалылығы оның субъект үшін құндылығымен анықталады. Сондықтан туроператор адамдардың көпшілігіне құнды туристік өнім шығаруы, ол мүмкіндігінше жаппай тұтынуға ие болуы керек. Сонда туристік өнім шығаруға индустриалды технологияларды да пайдалануға болар еді. Туристік өнім құрамы мен құрылымы 5-суретте берілген.
Туристік өнім маркетингін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы халықаралық және республикалық деңгейдегі туристік көрмелерге, биржаларға, жәрмеңкелерге белсенді қатысу, әлемдік туристік нарыққа ілгерілету мақсатында облыстардың тартымды туристік имиджін қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу керек.
Туроператор төмендегідей іс-шараларды атқаратын туристік мекеме:
- туристік өнімді жасаумен және турларды жабдықтаумен айналысады;
- олардың іс-әрекетін қамтамасыз етеді;
- жарнама мен нарықтағы туристік өнімнің қозғалысын ұйымдастырады;
- осы турларға деген бағаны анықтайды;
- оларды турагенттерге өз лицензиялары бойынша өткізу үшін сатады.
Туроператор туризмде ерекше рөл атқарады. Олар туризмге байланысты қызметтерді сатып алып (мәселен, пойыздардағы, ұшақтардағы, қонақ үйлердегі орындар), сонан соң туристік қызметтер пакеттерін қалыптастырып, оларды пайда табу мақсатында түрлі пайдаланушыларға (агенттерге) сатады. Осымен бірге қызметтерді бөлнектеп те сатуға болады. Бұл не пайда табу үшін немесе мәжбүр болғандықтан жасалады.
Бірінші жағдайда туроператор қызметтер пакетін қалыптастырғанда ол туристікөнімнің өндірушісі және иесі ретінде көрінеді. Тіпті қызметтер нақты өз мақсатында пайдаланғанда да.
Екінші жағдайда туроператор қызметін жекелеп сатқан кезде ол туристік қызметтердің көтерме сауда дилері болады. Бұл туроператор өндірушіден туристік пакетті қалыптастыруға қажетті мөлшерден артық қызметтерді сатып алған жағдайда болады.
Туристік пакет – бұл саяхат кезінде дербес немесе топтық жоспарға сай ұсынылатын, жаппай сатуға сериялық тур ретінде ұсынылатын қызметтер кешені, ал оған көліктен басқа орналастыру, тамақтану, гид пен экскурсия жүргізушінің қызметтері және басқа да қызмет көрсету кіреді.
Кейде туристік пакетті болу бағдарламасымен салыстырады. Бұл дұрыс емес, өйткені туристік пакет – туроператор нарыққа шығатын өнім, ал болу бағдарламасы болса – демалыс орнында туристердің болу мақсатына сай нақты немесе мамандандырылған талаптарын және мүдделерін қанағаттандыруға арналған іс-шаралар жоспары.
Бағдарламалардың төмендегідей түрлері бар:
- жалпы таныстыру;
- спорттық;
- әлеуметтік;
- ғылыми-ағартушылық;
- арнаулы.
Кейбір туроператорлар жекелеген қызметтерді өздерінің дербек пакеттерін қалыптастырғысы келетін өзге операторларға сатады. Бұл жағдайда туроператор өз қызметтерін көтерме бағамен сатады.
Айта кететін жайт, туроператордың шеберлігі оның турист жақмы жарақталған және экономикалық тұрғыдан туристің қолы жете алатын туристік қызметтерді үлкен мөлшерде сатып алуда бағаның түсіп кетуінен сақтана білу қабілетін көрінеді.
Жалпы алғанда, туроператордың қызметіне барлық экономикалық механизмдер – маркетингтен бастап фирманың іс-әрекетін ішкі экономикалық сараптауға дейін кіреді. Оларға мына деңгейдегі әрекеттер жатады:
- сұранысты зерттеу;
- болашақты жоспарлау (география, әріптестер);
- қызмет ұсынушылармен және әріптестермен келісімшарттар жасау;
- көліктік фирмалармен келісімшарттар жасау;
- маршруттарды әдістемелік қамтамасыз ету;
- туристік өнімдерді шығару;
- агенттермен шарттар жасасу;
- жолдама құнын есептеу және оны сатуға шығару;
- мамандарды сапарға даярлау;
- жарнама мен ақпарат;
- өткізу;
- визалар мен жолсапар құжаттарымен қамтамасыз ету;
- сапарға кадрларды даярлау;
- турды өткізу.
Туроператорлардың туристік нарықтағы орнымен анықталатын негізгі төрт типі бар (6-сурет).
- Жаппай нарықтың туроператорлары – ең белгілі операторлар типі. Ол турпакеттерді танымал туристік орталықтар мен курорттарға сатады. Клиенттерді тасымалдауды түрлі әуе компаниялары немесе чартерлік рейстер жүзеге асырады.
- Туристік нарықтың маманданған сегмент (бағыты) туроператорлары – ең кеңінен танымал туроператорлар типі. Олар 5категорияға бөлінеді:
а) белгілі бір клиенттерге арналған пакеттерді ұсынушы туроператорлар (мәселен, жастарға, ғалымдарға, отбасыларға, бизнесмендерге арналған және т.б.);
ә) арнаулы бағыттарға арналған пакеттерді ұсынушы туроператорлар (Англияға, Францияға, Венгрияға, Швейцарияға, Аустрияға);
б) белгілі бір туристік орталықтарда тұруды ұсынатын туроператорлар;
в) өз клиенттерін белгілі бір көлік түрлерімен тасымалдайтын туроператорлар (мысалы, кемемен, пойызбен, ұшақпен және т.б.);
г) арнайы турларды ұсынатын туроператорлар (мәселен, Кениядағы сафари, Непалдағы таулық туризм, Альпідегі тау шаңғысы және т.б.)
- Ішкі нарық туроператорлары – ел ішіндегі турпакеттерді сатады, бұл турлар сол өздері мекендейтін елдің ішіне орналасады деген сөз.
4. Сыртқы нарық туроператорлары – түрлі елдерге және әсіресе, туристердің көптеген мөлшері келетін елдерге арнап пакеттер даярлайды және сатады. Мұнда операторлардың бірнеше түрін анықтайды:
— шетелдік туроператорларға арнап түрлі қызметтер ұйымдастыратын және менеджерлер рөлін атқаратындар;
— туристерді күтіп алып, қонақүйлерге тасымалдауға (трансфер) ғана маманданатындар, сондай-ақ экспорт қызметін ұсынушылар;
— келісімшартта бекітілген бағаларды барынша азайтумақсатындағы автобустары мен қонақүйлері бар компаниялармен келісімшарт жасау, білім беретін турларды ұйымдастыру, тамақтану мен сауықтарды ұйымдастыру секілді қызметтерді ұсынушылар;
Белгілі бір этникалық топтарға, мәселен, Қытай, Араб елдерінің өкілдеріне, т.б. қызмет көрсетуге маманданғандар.
Шенген конвенциясына қол қойылғаннан кейін (1995 ж.) туристік өнімге қойылатын талаптарды унификациялау мәселелері өзекті бола бастады. Мәселен, бір жерде сатып алынған тур екінші жерде тұтынылады, тек туроператордың, туристік агенттің және туристің көзқарастарының толық келісуі ғана міндеттердің өзара орындалуына мүмкіндік береді. Туристік келісімшарттар бойынша Халықаралық конвенцияға (Брюссель, 1970 ж.) сәйкес мұндай келісім контрактылық негізде оған қатынасушы туроператордың, турагент пен туристің қолдары қойылған ваучер түрінде жүзеге асырылады. Еуропа одағының 1990 жылғы 15 маусымдағы пэкиджтурлар бойынша арнаулы директивасында ваучердің мазмұнына қойылатын міндетті талаптар келтірілген. Ол тур жайында толық мәліметке ие болуы керек:
- турист бағыт алған ел, қала (туристік орталық);
- туристі тасымалдауға арналған тасымал құралдары;
- туристі орналастыру жағдайлары, оның ішінде қонақүйлердің орналасуы, оның дәрежесі, жайлылық деңгейі, турдың құнына енетін міндетті қызметтер тізімі;
- тамақтану жағдайлары;
- турдың басталу және аяқталу мерзімдері;
- енгізілген экскурсиялар мен әлеуметтік-мәдени шаралардың әрбір күндерге бөлінген бағдарламасы;
- төлқұжаттық-визалық іс-шаралар;
- медициналық сақтандыру;
- турға қатысуға жіберілетін адамдардың ең аз мөлшері;
- турдың аннуляциялануының шектік мерзімі (ЕО – ол басталғаннан 20 күннен кеш емес);
- турдың кешендік бағасы;
- туристің болу мерзімінің, бағдарламасы мен шарттарының сақталмағандығы үшін компенсация;
- туроператор мен туристік агенттің атауы мен реквизиттері.
Бұл келісімшартқа орай туроператор мыналар үшін жауапты:
- болу бағдарламасын сақтауға;
- жарнама мен туристке ұсынылатын ақпараттың шындығында көрсетілетін қызметке сәйкес келуіне;
- тур бағасының өзінің өзгертуіне;
- туристік өнім туралы ақпараттың дұрыстығына.
Бұл талаптардың біреуі бұзылған жағдайда туроператор туристке тек материалдық ғана емес моральдық та шығынды өтеуге міндетті.
Осылайша туристік өнім – бұл туристердің саяхат жасауы барысында туатын заттай (тұтыну заттары) және заттай емес (қызметтер) тұтыну құндарының жиынтығы.
Туристік өнім үш құрамдас бөліктен: тур, қосымша туристік-экскурсиялық қызметтерден, тауардан тұрады (7-сурет).
Кей кезде туристік өнімді саяхат барысында дербес және топтық жоспар бойынша ұсынылатын, сериялық сипатқа ие және жаппай сатылатын негізгі (міндетті) қызметтер кешені «туристік пакет» ұғымымен сәйкестендіреді.
Туристік пакет – бұл туристік өнімнің бір бөлігі, дәлірек айтсақ, турдың міндетті бөлігі (тур көбінесе пакетке тең болады).
Тур – тұтынушыға біртұтас түрде берілетін туристік өнімнің бастапқы бірлігі, туроператордың белгілі бір маршрутқа және нақты мерзімге берілетін еңбек өнімі (8-сурет).
Турпакет пен маршрут барысындағы қызметтер кешенін, яғни турды туроператор туристік жолдама немесе ваучер – фирма мен тұтынушыға міндетті болатын қызметтер кепілденетін құжат түріне рәсімдейді.
Қосымша туристік-экскурсиялық қызметтер – бұл тұтынушының еркін таңдауына берілген ваучер мен жолдамада қарастырылмаған қызметтер. Қосымша қызметтер жолдаманың негізгі құнына енбейді. Оларға: жалға алу, телефон, тұрмыстық қызмет, валюта айырбастау, қосымша тамақтану, қоғамдық көлік, рент-кар, зат сақтау, сауық көтеру, орын даярлау, коммерциялық телеканалдар қызметтерін пайдалану, бейне түсіру, билеттер сатып алу, шағын бар қызметі және т.б. Бұл қызметтерді турист қосымша ақы үшін ала алады.
Туризм дамуының бастапқы кезеңінде мемлекеттік басқару органдарының маңызы үлкен. Оның себебі, алғашқы кезеңде туристік саланың инфрақұрылымын жасау үшін қуатты қаржылық салымдар қажет болады. Мұндай қаржылық көмекті тек мемлекет бере алады. Мемлекетке кірістер әкеле бастайтын жоғары дамыған және бәсекелестік мүмкіншілігі үлкен туризм саласы қалыптасқаннан кейін, мемлекеттік органдар негізінен туризм дамуын реттеуші қызметіне ауысады.
Туристік индустрияны ұйымдастырудың азиялық үлгісі Түркия, Египет, Тунис, Марокко және Қытай елдерінде таралған. Бұл елдерде туризм экономиканың басым бағыттарының бірі болып саналады. Мемлекеттің көмегінің нәтижесінде аталған елдерде туризм мен курорттар жоғары қарқынмен дамуда.
Еуропалық елдерге инклюзив-турлар кезіндегі туристік өнім құрылымы төмендегідей: Төқ (100%)=Тқ (30%)+Тқққ(40%)+Тстқ(30%), Мұнда Төқ – туристік өнімнің құны; Тқ – турдың құны; Тқққ – қосымша қызметтердің құны; Тстқ – сатып алынған тауарлар құны.
Бұл құрылымнан көріп тұрғанымыздай, туроператор туристік өнімнің 1/3 бөлігін ғана алатынын байқаймыз.Туристер туроператор қызметінен бөлек жергілікті туристік индустрияға әлдеқайда көбірек шығындалады. Туристік өнім туризм саласында өндірілетін тауарлар мен қызметтердің жиынтық сомасы түрінде бағаланады. Ол екі тәсілмен бағаланады:
а) барлық жасалған шығындар жиынтығы ретінде;
ә) туристердің барлық шығындарының жиынтығы, яғни туризмнен түсетін табыс ретінде.
Екі жағдайда да туризм саласында өндірілетін (тұтынылатын) тауарлар мен қызметтердің жиынтық көлемі – жалпы туристік өнім құндық көрсеткішпен өлшенеді.
Табыс ретінде жалпы туристік өнімге енетіндер:
- туристік тауарлар мен қызметтер өндірісінен түсетін түсімнің бір бөлігі болып табылатын барлық жалақы. Бұған сондай-ақ, қарызға ақша беру де кіреді;
- бөлмелерді, апартаменттерді және т.б. жалға беруден түсетін түсімдер;
- пайда – бұл туристік өнім мен қызметті өндіруге кеткен шығыннан қалған қалдық.
Шығындар туристік тауарлар мен қызметтерден түскен табыстан алынып тасталады. Бұл шығындардың теріс болуына да, яғни шығынға да ұшырауға әкелуі мүмкін. Табыстардың бір бөлігі меншік иесіне қайтып келмей, туристік бизнесте әрі қарай қалдырыла беруі де кездесетін жағдай. Міне, бұл мәселе де табыс ретінде қарастырылады.
Жалпы туристік өнімнің шығындарына жататындар (9-сурет):
- туристіктұтынуға кететін шығындар (тауар мен қызметтерді сатып алуға кететін барлық туристік шығындар);
- жеке туристік инвестициялар, бұған жаңа капитал салымдарын жүзеге асыру кезінде кететін шығындар және туризм құрылымын жақсартуға арналған жеке сектор шығындары енеді. Бұған турбизнес жүргізетін өнімдер ағымындағы өзгерістер енгізілген;
- мемлекеттік туристік шығындар, бұған мемлекеттің туристік қызметтер мен тауарларды сатып алуына кететін шығындар кіреді;
- импорт шегерілген туристік экспорт. Бұл категорияда елден шығарылатын туризм экспортына кететін жалпы шығындар көлемі жалпы туристік шығындарға қосылуы тиіс.
Құндық өлшемдегі туризмнен түсетін табыс туристік өнімді өндіруге кететін шығындарға тең келеді.
Туристік = туристік — жанама + мемлекеттік
табыс өнім төлемдер субсидиялар
Жалпы туристік өнімді анықтау үшін мына жайларды ескерген жөн:
- Қарыздарды жою туристік капиталды азайту ретінде қарастырылады. Қарыздарды өтеу туристік капиталды қалыптастыруға кететін шығындардың бірі ретінде қаралады. Басқаша айтқанда, бұл шығындар қосымша құнның бір бөлігі болып табылса да, олар табысқа кірмейді, себебі ақшаның көлемі туристік бизнесте пайдалану үшін қайтарылмайды. Нәтижесінде оларды түрлі қарыздарды өтеуге кететін пайыз ретінде ескеру қажет.
- Қосалқы салықтар туристік тауарлар мен қызметтер қатарына жатады. Сондықтан туристік өнімді өндіруде кеткен шығындарды қосу кезінде оларды табыспен теңестіру үшін табыстың бір бөлігін қарыздарды өтеу үшін қосымша салықтарға қосқан жөн.
Туризм экономикасының өндірістік белсенділігін күшейту үшін туристік өнімді өндіруге кеткен капитал жаңа туристік өнімді шығаруға, яғни туристік өнімді диверсификациялауға жұмсалуы керек.
Тауарлар – туристік өнімнің арнайы материалдық бөлімі. Оған қала карталары, қаланың көрікті орындарының фотосуреттері, буклеттер, қолөнер бұйымдары, туристік жабдықтар, сондай-ақ туристердің тұрақты тұратын орындарында таптырмайтын немесе қымбат тұратын көптеген тауарлар жатады.