Құрлықтағы жазықтар, олардың жіктелуі

Жазықтардың пайда болуы. Жердің ішкі күштерінің әрекетінен таулар түзілсе, бұзылған таулардың нәтижесінде жазықтар пайда болады. Құрлық бетінің көп бөлігін жазықтар алып жатады. Олардың бетінде қыраттары немесе ойыстары жоқ, тегіс болып келеді. Тегіс жазықта көзге түсерліктей ылди да, өр де болмайды, ондағы өзендердің суы баяу ағады (неліктен? Ойланып көріндер).

Жазықтар дегеніміз – жердің тегіс немесе белесті болып келген кең бөлігі.

Табиғатта төбелі жазықтар жиі кездеседі. Олардың жер бедері алуан түрлі: жеке төбешікті немесе көп шоқылы, сай-жыралы. Тегіс және төбелі жазықтар көбіне кезектесіп келіп отырады. Батыс Сібір жазығының жеке бөліктері тегіс жазыққа мысал болады.

Төбелі жазықтарға Шығыс Еуропа немесе Орыс жазығы жатады. Онда төбелер, жыралар, жазық жерлер бар. Жазықтардың биіктігінде айырмашылық болады. Жер шарындағы жазықтар, мұхит деңгейінде әртүрлі биіктікте орналасқан. Абсолюттік биіктігіне қарай жазықтар үш түрге бөлінеді: 200 м-ге дейінгілер – ойпаттар, 200 м-ден 500 м-ге дейінгілер – қыраттар, 500 м-ден биіктегілер – таулы үстірттер.

Ойпаттар физикалық картада жасыл бояумен беріледі. Егер ойпаттың абсолюттік биіктігі теңіз деңгейінен төмен болса, онда жасыл бояу қоюлана түседі; мысалы, Каспий теңізімен жалғасып жатқан Каспий маңы ойпаты мұхит деңгейінен 200 м-ден аспайтын биіктікте орналасқан.

Қыраттар физикалық карталарда сарғыш түспен белгіленеді. Мысалы, Қазақстандағы Торғай үстірті, ресейдегі Орта Орыс қыраты (атластағы Шығыс жарты шарлар картасынан табыңдар).

Таулы үстірттер физикалық карталарда қоңыр бояудың әр түрімен белгіленеді. Енисей мен Лена өзендерінің аралығындағы өте көтеріңкі кең жазықты Орта Сібір таулы үстірті деп атайды.

Енисей мен Лена өзендерінің аралығында бір кезде аласа тау сілемдері жатқан. Уақыт өте, бірнеше млн жыл бұрын осы ауданның жер қыртысында жарылулар болды. Осы жарылулар бойымен лава тасқындары жер бетіне шығып, оның кедір-бұдыр жерлеріне жайылып тегістелген, осы жердің кейбір бөліктерін жазыққа айналдырған. Осылай Орта Сібір таулы үстірті пайда болған.

Еуразияның оңтүстігіндегі Арабияда, сондай-ақ Африка мен Аустралияда таулы үстірттер көп. Жер бетінің баяу тербетіліп тұратынын сендер білесіңдер. Теңіз түбінің ашылуынан пайда болған жазықтарды алғашқы жазықтар деп атайды. Оған мысалға Каспий маңы ойпатын алуға болады.

Таулардың бұзылу әрекетінен таулы аймақтың орнында  да жазықтар пайда болады. Таулы аймақ бірте-бірте аласарып, төбелі жазыққа айналады. Мысалы, Қазақтың ұсақ шоқысы (Сарыарқа) осындай өзгерістерге ұшыраған. Жер шарында өзен тасқындарынан пайда болған жазықтар бар. Мысалы, Үнді мен Ганг өзендерінің тасқынданынан Үнді-Ганг ойпаты, Тигр және Ефрат өзендерінің тасқындарынан Месопотамия ойпаты түзілген.

Жазықтардың өзгеруі. Таулар сияқты жазықтарда бірте-бірте өзгеріп отырады. Жазықтар бетінің алуан түрлі болуы жел мен судың әсеріне байланысты.

Қатты жауын-шашынан кейін немесе көктемде қар еріген кезде беткейлерден ағатын судан өзендердің суы көбейіп, арнасынан асып, жан-жағына жайылып, жер бедерін бұзады. Осындай ағын судан кейбір жерлерде жыралар мен опырындылар пайда болады.

Жыралар көбіне борпылдақ жыныстардан құралған төбелі жазықтарды судың шайғанынан пайда болады. Беткейлерді су шалғанда өсімдік жамылғысын бұзып, өзімен ағызып әкетеді. Жыраның беткейлері тік жарлы, бас жағы тарамдалып келеді. Егер уақытында шара қолданбаса, оның көлемі ұлғаяды да егістік жерлерге, жерді жыртуға, жол салуға зиянын тигізеді. Жыраның ұлғаюын тоқтату үшін бас жағына қиыршық тас төгеді де, түбіне шым төсеп, өсімдіктің өсуіне жағдай жасайды.

Жыра – уақытша ағын судың (нөсер, жаңбыр, еріген қар суы, жер сілкінісі, т.б.) әсерінен пайда болатын құбылыс.

Жырадан ұлғая келе опырындылар пайда болады. Ал опырындылардан қатты ағын судың әсерінен бос тау жыныстары бір орыннан екінші орынға жылжып, жер бедерінің пішінін өзгертеді, бұл құбылыс жылжымалар деп аталады.

Жазықтардың өзгеруіне жел де әсер етеді. Теңіз жағалауларында, далаларда, шөлдерде желдің әрекеті күшті жүреді. Теңіздің, көлдің жағалауларында толқын айдап шығарып тастаған құм шөгінділердің үйіліп жатқанын көресіңдер. Бұларды құмды дөңдер (дюналар) деп атайды. Олардың биіктігі 10 – 12 м, кейде 100 м-ге дейін жетеді. Құмды төбе дөңдерінің жатық беткейі жел жаққа қарап тұрады.

Құмды шөл және шөлейт жерлерде жел әрекетінен пайда болатын ысырында құм төбелер бар. Олар жергілікті тау жыныстарының үгілуінен, үйілген құмнан түзіледі. Құмтөбелер жарты ай немесе орақ пішіндес болады, оларды шағыл немесе барқан дейді. Жел жақ беткейі, созылыңқы әрі көлбеулі болса, ық жақ беткейі қысқа, тікше келеді. Айшыққа тірелген жел оны айналып өтеді де, екі шетін мүйіз сияқтандырып ілгері созып отырады. Желдің бағыты мен күшіне байланысты биіктігі 150 м-ге дейін шағылды қырқалар мен тізбектер пайда болады. Шағылдар жылына бірнеше метрден бірнеше жүздеген метрге жылжып отырады. Онда өсімдік өспейді.

Елімізде бұрқандар Қызылқұмда, Каспий маңы ойпатында, оңтүстік Балхаш маңында таралған. Шағын барқандар жылына 100-200 м-ге, ал ірілері 30-40 м-ге жылжиды. Барқандар Орталық Азия мен Қазақстанның барлық құмды шөлдерінде таралған.

Адамның шаруашылық әрекетінен құмды топырақтар көшпелі құмға айналады. Көшіп отыратын құмды дөңдер, шағылдар егістік жерлерді, бақтарды елді мекендерді басып қалады. Олардың жел жағындағы жатық беткейлеріне шөлге төзімді ағаштар мен бұталар отырғызу керек. Өсімдіктердің тамыры құмды бекітеді де, жел оны жатық беткейден ұшырып әкете алмайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *