1920 жылдардағы корей поэзиясы

XX ғасырдың 20 жылдары корей поэзиясының тарихында ең күрделі әрі жаңалықтарға толы кезең. Дәл осы кезеңде корей әдебиеті көркемдік, эстетикалық жағынан, тематикалық, идеялық жағынан түрленді. Корей әдебиетінің идеялық, тематикалық жағынан түрленуіне сол уақыттағы тарихи оқиғалар себепкер болды. Корей әдебиетінің соның ішінде корей поэзиясының жаңаша түр сипатқа ие болуы әрине сол уақыттағы тек тарихи оқиғалардың ықпалы ғана емес, батыс әдебиетінен енген әдеби ағымдардың да ықпалы болғанын корей ақындарының поэзиясынан айқын аңғаруымызға болады.

Корей жаңа заман әдебиетінің қалыптасу кезеңі Кореяның Жапония империясының отарындағы елге айналған кезеңмен тұспа тұс келеді. Және де ел феодалдық құрылымнан капиталистік құрылымға көшуге таяу қалған уақытта корей халқы үлкен қасіретке тап болды. Өз елінің тәуелсіздігінен айырылып өзге елдің жетегінде кете барады. Бұл ұлт-азаттық қозғалыстардың өршіп тұрған кезі. Корей халқының саналы түрде рухани, мәдени тұрғыда жетілген уақыты.Корей әдебиетінің қалыптасуында европалық батыс әдебиетінің ықпалы зор. Корей жазушылары мен ақындары европаның мәдени мұрасымен және әдебиетімен танысып жаңа көркемдік әдіс-тәсілдерді аз уақыттың ішінде игеріп қана қоймай, оларды өз шығармаларында қолдануға әрекеттенді. Батыстан енген әдеби ағымдардың мәнін жете түсінбей тұрып, европалық әдеби шығармаларға еліктеп жазамын деп бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі түрлі әдеби ағымдарды шатастырып алуға бейім болды. Осылайша корей поэзиясында «эклектизм» құбылысы белең алды. 20 жылдары Кореяда әр түрлі бағыт-бағдарды ұстанатын әдеби бірлестіктер мен әдеби топтар пайда болды. Аталмыш әдеби бірлестіктер арасында келіспеушіліктер туындап тұрды. Және де аталмыш бірлестіктердің ой-пікірлері, көзқарастары мен ой-тұжырымдары, қызуқанды пікірталастары «Кэбёк», «Син Тоньа», «Тоньгвань» газеттерінде жарияланып тұрды. [9,3]

XX ғасырдың басы корей поэзиясының шарықтап даму шағы. Өйткені дәл осы шақта корей зиялы қауым өкілдері батыс әдебиетінің озық үлгілерімен танысып, жаңа поэзияны қалыптастыруға бет бұрған шақ еді. Корей ағартушы ғалымдары халықты ағарту мақсатымен жапон тіліне аударылған ағылшын, француз, неміс, орыс әдебиеттерінің озық үлгідегі туындыларын корей тіліне аудара бастайды. Ағартушылардың белсенді түрде жұмыс атқаруына байланысты қарапайым халық батыс әлемінің әдебиеті мен мәдени мұрасын оқып білуге мүмкіндік алады. Ағартушылар «өзгеден үйреніп, өзіңді жетілдір!» деп ұрандатып халықты білім алуға шақырды.

«Ертеректе аудармашылар көркем әдеби шығармаларды түп нұсқасынан сөзбе-сөз аударған емес, тек өзінің түсініп түйгенін мазмұндап баяндаумен шектелген. Бәлкім содан болар, корей халқына поэзия сәл кештеу келді»-деп жазады Л. В. Галкина. Көркем әдеби шығармаларды аудару ісі жетілген шақта ғана, оқырмандар көркем прозамен танысып, поэзияны түсінуге бет алды. Алғашқы уақытта оқырман қауымның тарихи және саяси мазмұндағы шығармаларға деген қызығушылығы мол болды. Оқырмандардың Европа халықтарының өмірі мен тарихына деген қызығушылығының туындауы елде белең алған саяси оқиғаларға тікелей байланысты және де тарихи жайттар баяндалған әдеби шығармалар мен тарихи очерктерге аса ұқыптылықпен қарауынан болып табылады.

Корей поэзиясының меланхоликалық сипатта өрбуіне 1919 жылдың 1 наурызында өткен ұлт-азаттық көтеріліс зор ықпал етті. 1919 жылдың 1 наурызында өткен ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліске тап болғанымен, корей тарихында үлкен мәнге ие. Саяси тұрғыда әлі орнығып үлгермеген Кореяның буржуазиясы Жапон империализмінен гөрі өз халқының көтеріліс бастап шығуынан қорықты. Ұлт-азаттық көтеріліс басталмай-ақ тұрғанда Корея буржуазиясы қара шаруа халыққа қарсы күресерін, ереуілге шығар кезін Жапония империясының билік басындағыларға мәлімдеп тұруға уәде берді. Жапония империясының билік басындағылары қарапайым халық бастап шыққан ұлт-азаттық көтерілісті білектің күшімен басып тастап, елді билеудің тактикасына қайта оралды. «Мәдени тұрғыда елді басқару эрасы» деп аталатын елді билеу тактикасы корей буржуазиясына қолайлы жағдай жасағанымен, демократиялық күштерге қарсы ұйымдастырылған репрессияның зұлымдылығына қарсы төтеп бере алмады. 1919 жылдың 1 наурызында өткен ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан соң, халықты болашақ елінің тағдыры алаңдатпай қоймады. Дәл осы уақытта корей әдебиетінде әр түрлі декадентшілдік сипаттағы ағымдар пайда бола бастады. 20 жылдардың басынан бастап Кореяда («Согвань») «Таңғы шық», («Кэбёк») «Жаңа эраның басталуы», («Хаксэнькэ») «Студенттік әлем», («Тоньгвань») «Шығыс таңы», («Пхехо») «Қирап қалған елді мекен», («Чаньми чхон») «Раушан гүлдер ауылы», («Пэкчо») «Ақ тасқын», («Кымсон») «Алтын жұлдыз», («Чханьджо») «Шығармашылық» секілді әдеби журналдар жарыққа шыға бастады. Әр журналдың жанынан әдеби бірлестіктер құрылды. Әдеби бірлестіктер белгілі бір ағымның ұстанушысы болып табылды. 20 жылдардың басында корей жаңа заман поэзиясынан символизм, романтизм, имажинизм, эстетизм, модернизм, импрессионизм, сюрреализм, натурализм сияқты әдеби ағымдарды кездестіруге болады. 20 жылдардың бірінші жартысында әдеби топтардың ішінде ең беделді әдеби журналдар саусақпен санарлықтай бірен сараны ғана болды. Атап айтатын болсақ, «Шығармашылық», «Қирап қалған елді мекен», «Ақ тасқын» сияқты журналдар еді.[9,7] «Шығармашылық» журналы 1919 жылдың ақпанынан бастап Токиода басылып шыға бастады. Аталмыш журналды Европа мен Жапонияда білім алып жүрген жас жеткіншектер корейлік студенттер басып шығарған. Корейлік студенттер шет елде біліммен сусындап қана қоймай, корей әдебиетінің өсіп өркендеуіне елеулі үлес қосқан. Жапонияда білім алып жүрген студенттер «жаңа әдебиеттің өркен жаюы үшін» деген шара ұйымдастыру арқылы әдебиеттің өсіп өркендеуінде айтарлықтай маңызды рөлді атқаратын талантты, дарынды жастардың корей әдебиетін дамытуға белсене атсалысуына қолғабыс жасады. «Шығармашылық» журналында қызмет атқарып жүрген жас әдебиетшілер поэзияда да, прозада да ортағасырлық әдеби тілдің көнерген формаларын ауызекі сөйлесу тілінің тілдік формаларымен алмастырумен қатар, тек корей тілінде жазуға тырысты. «Шығармашылық» атты әдеби бірлестіктің басында Ким Доньин, Чжу Ёхан, Ким Ок, Чон Ёньтхэк секілді ақын, жазушылар болды. «Шығармашылық» журналына басшылық еткен ақын, жазушылар әр түрлі әдеби ағымдарға келіп қосылды және де әр түрлі шығармашылық әдіс- тәсілдерді қолданғандықтан, аталмыш бірлестік белгілі бір әдеби ағымды, әдеби бағытты ұстанған жоқ. Мәселен, ақын Чжу Ёханды символизм ағымы қызықтырса,жазушы Ким Доньинді натурализм ағымы қызықтырғандықтан, Чу Ёхан символизм ағымын арқау еткен шығармалар жазса, Ким Доньин натурализм ағымын арқау еткен шығармалар жазатын. «Шығармашылық» атты әдеби бірлестіктің қызметкерлері аударма ісіне, Европа әдебиетінің ел арасында кең таралуына көп көңіл бөлді. Сонымен қатар, ақын, жазушылардың шығармаларына үңілсек, шығармалары ағартушылықты арқау еткен идеялар мен тәуелсіз мемлекетті аңсап, жарқын болашаққа үміт артқан идеалистік бағытта өрбіген ой-толғаныстарға толы болып келеді. Осыған орай, «Шығармашылық» атты әдеби бірлестік елдегі ең беделді әдеби бірлестіктің бірі болып саналды. Сондықтан болар, көптеген ақын, жазушылар осы аталмыш әдеби бірлестіктің құрамында болды.[9,8]

«Қирап қалған елді мекен» атты әдеби журнал 1920 жылдан бастап басылып шыға бастады. Аталмыш журналдың негізін салушы қаламгерлер Ли Хёндо, Нам Гуньбёк, Ким Ёньхван, Ким Ок, Ким Чханьён, Ён Саньсоп, О Саньсун, Ли Бёндо, Хван Согу және тағы басқалары. Аталмыш журналда жарық көрген шығармалардың басым көпшілігі жалпы тіршіліктен, өмірден түңілгендегі көңіл күйге ие туындылар болғандықтан, өз атына заты сай болып есептелінетін. Алайда «Қирап қалған елді мекен» атты әдеби журналдың негізін салушылар әу бастан декадентшілдік сипаттағы өлеңдер жазамыз деп ойламаған болса керек. Себебі олардың ұраны: «Мына қирап қалған елді мекенге егін ексе, ол өзінің жемісін береді»-деп аталынатын. Жапон отаршылдығы уақытында өзге елдің езгісінде болған елінің қайғы- қасіретін көрген аталмыш әдеби журналдың негізін қалаушы жас қаламгерлер елінің болашағына қатты алаңдаған. Және де елінің мәдениетін, әдебиетін дамытып өркендетуге өз үлестерін қосып, елінің сауатты болуын көздеген. Өз елінің мәдени, саяси тұрғыда дамуына кішкене болса да қолғабыс жасауға ерікті болған. Жас әдебиетшілер елінің рухани дамуына елеулі үлес қосып, аянбай еңбек етті. Елі тәуелсіздікке қол жеткізетініне кәміл сенген. «Қирап қалған елді мекен» атты әдеби бірлестіктің ақын, жазушылары символизм ағымын арқау еткен шығармалар жазғандықтан оларды символистер деп атады. Корей әдебиетіндегі символизм ағымы француз символизмінің тікелей ықпал етуінен пайда болған әдеби ағым. Жалпы француз символизмінің, яки символизм ағымының Францияда кең құлаш жаюына, кең түрде өрістеуіне сол уақыттағы Франциядағы саяси тұрақсыздықтың тигізген ықпалы зор. Олай дейтінім, Париж коммунасы жеңіліске ұшырағаннан кейін елді уайым- қайғы мен үмітсіздік, сенімсіздік билей бастады. Өзінің баяу қалыптағы ритмі мен элегиялық интонациясында айқын сезілетін қайғы-мұң мен сенімсіздікке толы жан күйзелістерін символизм ағымында жазылған поэзиядан ғана көруге болады. Символизм ағымын арқау еткен пейзаждық лирикада көбінесе түнгі ымырт пен күзді бейнелеу басым болып келеді. Корей символист ақындарының өлеңдерінде мынадай образдар жиі ұшырасады. Бұл солып түсіп жатқан жапырақтар, солып қалған гүлдің жапырақтары, уақыттың бір орында тұрмайтынын дәлелдеп тұрған сағат тілінің үздіксіз соғуы, сөніп бара жатқан шам. [9,10]

Жоғарыда аталған символикалық образдарды 20 жылдардың басындағы корей ақындарының поэзиясынан кездестіруге болады. Қоғамдық тұрақсыздық белең алған сол сұрапыл сұм заманда өмір сүрген корей ақындары да француз символистері ұқсап меланхоликалық, декадентшілдік сипаттағы уайым, қайғыға толы өлеңдер жазды. Өлеңдердің меланхоликалық сипатта жазылғанын, ақындардың сол сұрапыл сұм заманды түнгі ымыртқа, түнге, күзге, түсіп жатқан жапырақтарға, солған гүл мен сөнейін деп тұрған шамға теңегендігінен көруге болады. Корей символист ақындары Верлен, Малларме және Бодлер секілді танымал француз символист ақындарына еліктейтін және олардың өлеңдерін сүйіп оқитын. Кореяда символизм ағымының кең таралуына, оның кең құлаш жаюына елеулі үлес қосқан аудармашы әрі ақын Ким Октың еңбегі зор. Ким Ок (лақап аты Ансо) француз тілінен корей тіліне аударылған өлеңдерін «Қирап қалған елді мекен» атты әдеби журналына жариялайтын. 1923 жылы Ким Октың «Медузаның әні» атты тәржімаланған өлеңдер жинағы басылып шығарылды.

1922 жылдың қаңтарында Пак Чхонхва, Ли Сангхва, Пак Ёнхи, На Дохян, Хён Джингон секілді ақын, жазушылардың тікелей қолдауымен «Ақ тасқын» атты әдеби журнал жарыққа шықты. «Ақ тасқын» атты әдеби журналының жарыққа шығуынан бастап романтизм ағымы кең тарала бастады. Алайда корей поэзиясындағы романтизм ағымы европалық романтизмнен өзіндік ерекшелілігімен айрықшаланды. XX ғасырдың 20 жылдарындағы корей жаңа заман поэзиясында романтизм ағымының кең өріс алуы, ең алдымен сол уақытта корей қоғамында белең алған саяси тұрақсыздыққа тікелей байланысты. Кореядағы романтизм ағымының европалық романтизмнен ерекшелігі оның тым меланхоликалық сипатта өрбуінен болып табылады. Романтик ақындардың сүйікті тақырыбы бұл- ымырт кеш пен түн, ал өлең композициясы мен сюжет желісі жатын бөлме мен мәйіт басында орын алады. [13,12] Қол жетпейтін бейнебір идеалға теңестірілетін әйелге деген махаббат, ақынның жан-жүрегімен үндесіп жатқан табиғат әлемі- романтизм ағымын арқау еткен 20 жылдардағы корей ақындарының поэзиясында көрініс табады. Корей поэзясындағы эклектизм тенденциясының белең алуынан романтизм ағымы символизм, имажинизм сияқты әдеби ағымдармен тамаша үйлесімділікті таба білді.

«Ақ тасқын» атты әдеби бірлестігінің қызметкерлері Байрон, Шелли, Гете, Шиллер, Тагор сияқты атақты ақын, жазушылардың туындыларын корей тіліне тәржімалау арқылы шетел әдебиетінің озық туындыларын насихаттаумен қатар, корей әдебиетінің ілгерілеп дамуына үлкен үлес қосты. «Ақ тасқын» әдеби бірлестігі 1923 жылы жабылып қалды. Алайда корей әдебиетіндегі романтизм ағымы із түссіз жоғалып кеткен жоқ, керісінше әрі қарай дами бастады. Корей әдебиетіндегі романтизм ағымының әрі қарай дамуына орыс классигі Максим Горькийдің шығармашылығы зор ықпал етті. Жалпы романтизмнің корей поэзиясында кең құлаш жаюына Азия халықтарының ең сүйікті ақынына айналған танымал индиялық жазушы Рабиндранат Тагордың да қосқан үлесі зор болып табылады.

«Батыс әдебиеті мен өнері жайлы жаңалықтар» атты журналда алғаш рет француз символист ақындарының шығармалары корей ақыны Ким Октың аударуымен жарияланған болатын. Оның ішіндегі ең танымал өлең «Көктем қайтып бара жатыр» атты өлеңі еді. Дәстүрлі корей поэзиясының стандартты қалыптағы жүйесін ұстанбай, корей ақындары көбіне өлеңнің ішкі құрылымдық мазмұнымен өлең ырғағына аса назар аударды. Корей поэзиясының «жаңа уақыт» кезеңінің тарихында лирикалық шығармалардың алғашқы авторлары Ким Ок, Ли Гель, Хван Согу және Джу Ё Хан болған. Осы аталған ақындар корей поэзиясында проза түріндегі поэманың кең құлаш жаюына зор үлес қосқан. Жаңа үлгідегі өлең жүйесімен метафора, теңеулер сияқты жаңа көркемдік мәнерлі құралдарды қолдану арқылы корей поэзиясының одан әрі өркендеуіне жол ашты.[2,98- 103]. «Чанчжо» журналында Чжу Ё Ханның «Оттың ойыны» атты символикалық мәнердегі, еркін түрде жазылған жаңа үлгідегі өлеңі жарияланды.

1919-1920 жылдар «іздену кезеңі» деп аталынады. Осы уақыттың әлеуметтік-саяси жағдайынан қоғамның барлық мүшелерінің моральдық тұрғыда күйзелгенімен байқалады. 1919 жылдың 1 наурызында жеңіліс тапқан тәуелсіздік үшін болған қозғалыстан соң халықтың саясаттан көңілі қалады. Дегенменде әдебиет Кореяның жапон отаршылдығы кезінде де даму үстінде болған. Мәселен, 1919-1924 жылдар аралығында көптеген газет, журналдар шығарылды. Оның ішінде 1919 жылы әдебиет пен өнер жайлы жазылған «Чанчжо» журналы, 1920 жылы жалпы нигилизм айқын бейнеленген символизм ағымындағы поэзиялар жарияланған «Чжанмичон» журналы, 1923 жылы романтизм бағытындағы эмоционалдық негіздегі поэзиямен реалистік идеялар өрнектелген прозалар жарияланған «Пекчжо» журналы, 1924 жылы «Чанчжо» журналының ізін басушы «Ёндэ» журналы, ұлтшылдықты насихаттайтын «Чжосонмундан» атты журналдар шығарылды.

Ресейдегі Октябрь революциясы Кореяда социалистік идеялардың кең таралуына зор ықпал тигізіп, 1922 жылы Кореяда пролетарлық жазушылардың «Искра» атты бірлескен ұйымы құрылды. Бұл жаңа бағыттағы мектепті таныстырған ұйым болды. 1925 жылы Кореяның коммунистік партиясы құрылған уақытта корей пролетарлық жазушылардың ассоциациясы KAPF құрылған болатын. Оның негізін салған Пак Ён Хи, Ким Киджин, Ли Иксан, Ким Бокчин, Хан Соря және тағы да басқа кісілер құрған. Пролетарлық жазушылар әдебиеттің басты қазынасы деп оның идеялық мазмұны деп санаған. Сонымен қатар, корей халқын бостандыққа үгіттеген. Олардың ішінде Ли Санг Хва да болатын. [8,21-22]. Ли Санг Хва корей халқының жапон отаршылдығы кезіндегі қайғылы жағдайы туралы сыр шертті. 1926 жылы жарияланған «Тартып алынған далаға да көктем келе ме екен» атты өлеңі отаршылдық кезінде жазылған антижапондық өлеңдердің ішіндегі ең үздігі болып табылады.

Авторлық сілтеме:
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Корейтану және жапонтану кафедрасының «6M021000-Шетел филологиясы» мамандығы бойынша магистранты Жакупова Сағыныш Бауыржанқызының «Корей поэзиясы дамуының ерекшеліктері (1910-50 ж.ж.)» тақырыбындағы магистрлiк диссертация жұмысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *